Қазақстанда кәсіпкерлер үшін пайдаланылмаған электр қуатына төлем енгізу жоспарлануда. Бұл туралы infohub.kz сайты Бас прокуратураға сілтеме жасап хабарлайды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті кәсіпкерлерге қойылған заңсыз талаптардың күшін жойдырды. Прокурорлық қадағалау қорытындысы бойынша 1 294 әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 220 млн теңгені құрады.

«Елдің бір ірі қаласында инвесторлар инженерлік желілерге қосылуға техникалық шарттарды алу кезінде қосымша әкімшілік кедергіге тап болды: олардан жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісуді талап етті. Бұл талап заңнамада көзделмеген және бірнеше жыл бойы бизнеске негізсіз кедергі жасап келді. Комитеттің бастамасымен заңсыз тәжірибе тоқтатылып, қосымша келісу жойылды», — деді баспасөз қызметінде.

Сонымен қатар Комитет жүйелі мәселені анықтады — ірі кәсіпорындар электр қуатының едәуір көлемін ұзақ мерзімге резервке ұстап, оны пайдаланбайды.

«Электр энергиясы тапшылығы жағдайында мұндай тәжірибе жаңа өндірістерді қосып, инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін шектейді. Мәселені шешу үшін уәкілетті орган — Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті — пайдаланылмаған электр қуатын ұстағаны үшін төлем енгізуді көздейтін заңнамалық түзетулер дайындады», — делінген хабарламада.

Бұл шара кәсіпорындарды артық резервтерді босатуға және қолжетімді ресурстарды неғұрлым ұтымды бөлуге ынталандыруға бағытталған.

«Анықталған бұзушылықтарды жою үшін Табиғи монополияларды реттеу комитеті Бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер дайындады», — деп хабарлады Бас прокуратурада.