Аты аңызға айналған Mercedes-Benz G-класының толық электрлік нұсқасы Қазақстанда ресми түрде пайдалануға рұқсат етілді. EQ қуат қондырғысымен жабдықталған G 580 моделіне көлік құралы түрін мақұлдау құжаты 8 қыркүйекте тіркеліп, ол 149 көлікке қатысты болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тіркеу құжаттарына сәйкес, сөз G 580 модификациясы туралы болып отыр. Ол төрт синхронды тұрақты магнитті электр қозғалтқышымен жабдықталған — әр дөңгелекке біреуінен. Көлік толық жетекті, ал CATL шығарған тарту батареясы жолаушылар салонының еденінің астында, осьтер арасында орналасқан.
Жүріс қоры нұсқасына қарай 527-ден 575 километрге дейін жетеді. Көлік құралы түрін мақұлдау құжатында батарея сыйымдылығы көрсетілмеген, алайда оның салмағы — 712-ден 727 килограмға дейін — және элементтер саны: 216 белгілі.
Осылайша, G 580 G-Class отбасының қазақстандық ОТТС алған алғашқы толық электрлік өкілі болды. Сыртқы түрі — бәрімізге таныс «Гелендваген», бірақ іштей жану қозғалтқышының орнына әр дөңгелекке орнатылған электр қозғалтқыштары қуат береді.
Модельдің өндірісі Австриядағы Magna Steyr зауытында жолға қойылған. Электрлік көліктер Қазақстан нарығына дәл сол жерден жеткізіледі.
Mercedes-Benz-тің Қазақстандағы ресми сайтында EQ технологиясымен G 580 модельдік қатарда пайда болды. Жарияланған бағасы — 94,4 млн теңгеден басталады.
Бұған дейін «Курсив Авто» Mercedes-Benz G-класын жүзуді үйретпек болғанын жазған еді.


