Қытай мен Ұлыбритания зерттеушілері пайдалы әсер коэффициенті 98,51% болатын электромобильдерге арналған сымсыз қуаттау жүйесін жасап шығарды. Қондырғының қуаты шамамен 20 киловатт, ал болашақта ол автономды көлікте қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жұмыс принципі смартфонды сымсыз қуаттауға ұқсайды. Қуаттау алаңы мен көлікте арнайы элементтер орналастырылған, олардың арасында энергия магнит өрісі арқылы беріледі. Жүргізушіге көлікті кабельмен қосу қажет емес — электромобильдің энергияны қабылдау жүйесіне беретін алаңның үстінде тұруы жеткілікті.
Жоба бойынша Қытай ғылым академиясының Дунгуань материалтану және технологиялар институтының, Гонконг қалалық университетінің, Кембридж университетінің және Қытай ғылым академиясының Физика институтының мамандары еңбек етті.
Зерттеушілер нанокристалды қорытпалар негізінде 20 киловатттық жүйе жасады. Оның магниттік өзегі эстакадаға ұқсайтын құрылымға ие. 440 × 330 мм өлшемді өзек жолағының қалыңдығы небәрі 4 мм. Әзірлеушілердің дерегінше, ол дәстүрлі ферритті шешімдерден екі есе жұқа әрі жоғары меншікті қуатқа шыдай алады.
Ғалымдар технологияның сипаттамаларын жақсартып, оны өнеркәсіптік қолдануға қарай ілгерілетуді көздеп отыр.
Технологияны ең алдымен ұшқышсыз электромобильдер үшін қарастыруда. Кабельді қосудың қажеті жоқтығы автономды көлікті пайдалануды жеңілдетуі мүмкін. Көліктерден бөлек, жүйені теміржол көлігінде, өнеркәсіптік автоматтандырылған арбаларда және аласа ұшатын аппараттарда қолдану жоспарлануда.
Бұған дейін «Курсив Авто» осыған ұқсас технологиялық шешімді Porsche ілгерілетпек екенін жазған болатын.


