Астана тұрғындары мен қонақтарына 25 тамыздан бастап электросамокаттармен жүру ережелерінің өзгеретіні ескертілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана қаласы әкімдігінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2026 жылдың 25 тамызынан бастап электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруіне тыйым салынады. Пайдаланушылар тек велосипед жолдары мен велосипед жолақтарымен, ал олар болмаған жағдайда — жол қозғалысы ережелерінде көзделген жағдайларда жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруі қажет.

Астана қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Уваев электросамокаттардың жол қозғалысының толыққанды қатысушыларына айналғанын, алайда пайдаланушылардың белгіленген талаптарды сақтамауы жеке ұтқырлық құралдарын жүргізушілерге де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіретінін атап өтті. Оның айтуынша, жол қозғалысы ережелеріне енгізілген өзгерістер қауіпсіздікті арттыруға және апаттылықты азайтуға бағытталған.

Полицияда жүріс бөлігінде қозғалған кезде электросамокат жүргізушісінің жасы 18-ден кем болмауы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы және қорғаныс дулығасын киюі қажет екенін қосты. Қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтердің болуы да міндетті.

Астана қаласы прокуратурасының қызметкерлері электросамокат пайдаланушылары тарапынан ең жиі кездесетін бұзушылықтар — жүргізуші куәлігінсіз жүріс бөлігіне шығу, жылдамдықты асыру, сондай-ақ қиылыстарды кесіп өту кезінде талаптарды сақтамау екенін атап өтті. Бір самокатта жолаушыларды тасымалдау ерекше қауіп төндіреді.

Еске салайық, 1 шілдеден бастап Қазақстанда электросамокаттармен жүруге қатысты жаңа ережелер күшіне енді, олар жасына, құқықтарының болуына және сақтандыруға қойылатын талаптарды енгізді. Кейін ІІМ 25 тамыздан бастап электросамокаттарға тротуарларда жүруге тыйым салынатынын хабарлады.