Қазақстанда 25 тамыздан бастап электросамокат иелері мен жалға алушылар үшін қатаң ережелер күшіне енеді: тротуарлармен жүруге толық тыйым салынады, ал жол жүруге тек кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.
Алматы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алдағы реформалар, айыппұлдар мен көшелерді тасталған көліктерден тазарту туралы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтып берді.
Полицияның мәлімдеуінше, жаңа заң нормалары алматылық самокатшылардың өмірін «бұрын» және «кейін» деп бөледі. 25 тамызға дейін елде өтпелі кезең жұмыс істейді: жаяу жүргіншілер аймақтары мен тротуарларда жүруге әзірге барлығына, оның ішінде жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға да рұқсат, бірақ жылдамдық сағатына 10 км-мен шектелген. Полиция қазірдің өзінде дағдыларды өзгертуге шақырады.
«25 тамыздан бастап талаптар біркелкі болады. Жаяу жүргіншілер аймағы мен тротуарға шығуға болмайды. Самокаттар тек веложолдар мен веложолақтармен жүре алады. Олар болмаса – жолдың оң жақ шетімен. Бірақ оған тек кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана жіберіледі», – деді Салтанат Әзірбек.
Полиция бұл үдерісті шерингтік компаниялармен бірлесіп реттеуді жоспарлап отыр. Пайдаланушылар жүргізуші куәлігінің бар екенін растамайынша көлікті жалға ала алмайды. Мұндай функция қосымшаларда бұрыннан бар, бірақ әзірге қолданылмайды. Тыйым салынған аймаққа, мысалы тротуарға немесе жаяу жүргіншілер көшесіне кіргенде, самокат жылдамдығын біртіндеп сағатына 2–3 км-ге дейін азайтып, содан кейін толығымен бұғатталады.
Полиция қатаң шектеулерді қауіпсіздік қажеттілігімен түсіндіреді. Жыл басынан бері Алматыда самокаттар қатысқан 83 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Адам өлімі болмағанымен, шамамен 90 адам жарақат алды.
Салтанат Әзірбек өткен жылдардағы қайғылы оқиғаларға мысал келтірді: тротуарларда әйелдер мен балаларды қағып кеткен, ал бір жағдайда самокаттағы ерлі-зайыпты арыққа құлап, қыз өмірмен сыйыспайтын жарақат алған.
Айта кетерлігі, кикшерингтік электросамокаттарға арналған ережелер жеке меншік көлікке қолданылмайды: ол үшін жеке нөмір міндетті емес. Сондай-ақ жылдамдық шектеулері оған қатысты ма, белгісіз.
Тілшінің полиция қызметкерлерінің қызметтік электросамокаттарына қатысты шектеулер туралы сұрағына Салтанат Әзірбек ведомствода микромобильді көлік паркі жоқ – самокаттарды кикшерингтік компания беретінін айтты.
«Бұл самокаттарда жылдамдықтың бағдарламалық шектеуі бар, олар сағатына 25 км-ден жылдам жүрмейді. Сондықтан самокат патрульдері де дәл осындай жылдамдық шектеулерін сақтайды», – деді ол.
Бұған дейін біз компаниялар мен жеке кәсіпкерлер жалға беретін электросамокаттарды есепке алу және тіркеу нөмірлерін беру ережелері туралы айтқан болатынбыз.


