Павлодар облысында ер адам мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз электровелосипедпен жүргені үшін 20 тәулікке қамалды. Оқиға 4 тамызда Атамекен ауылында болған, деп хабарлайды infohub.kz.

Шамамен таңғы 06:30-да полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ Linkon маркалы электровелосипедті басқарған азаматты тоқтатты. Тексеру барысында оның көлік құралын басқару құқығы жоқ екені, сондай-ақ алкогольдік масаң күйде екендігі анықталды.

Сот отырысында құқықбұзушы кінәсін мойындап, алдыңғы күні алкоголь ішкенін, ал таңертең электровелосипедпен дүкенге барғанын, сонда полиция тоқтатқанын түсіндірді. Медициналық куәландыру жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйді растады.

Павлодардың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты электровелосипедтің техникалық сипаттамалары бойынша L1/А1 санатындағы көлік құралдарына жататынын және мопедке теңестірілетінін, оны басқару үшін тиісті жүргізуші куәлігі қажет екенін анықтады.

Іс материалдарын, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысын, бейнежазбаларды, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманы және полиция департаментінің азаматтың жүргізуші куәлігінің жоқтығы туралы мәліметтерін зерттей келе, сот оның кінәсін дәлелденді деп таныды. Сот қаулысымен азамат К. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді.