"Самрук-Қазына" басқармасы Елжас Отыншиевті "Қазақстан темір жолы" басқарма төрағасы етіп тағайындады. Ол соңғы екі жылда ұлттық компанияның үшінші басшысы болды, деп хабарлайды Orda.kz.

Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтының бакалавриат және магистратурасын "Жалпы және қолданбалы физика" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young-ның Мәскеу кеңсесінде бизнесті бағалау және мәмілелерді қамтамасыз етумен айналыса отырып бастады.

2009 жылдан 2019 жылға дейін "Самрук-Қазына" және оның еншілес компанияларында жұмыс істеді. Содан кейін екі жыл бойы KIDF (Kazakhstan Investment Development Fund) инвестициялық портфелін басқарды.

2023 жылдың сәуірінен бастап "Самрук-Қазынаның" стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарды. Бұл лауазымда ол қордың мұнай-газ, теміржол, кен-металлургия және басқа салалардағы портфельдік компанияларын қадағалады. Сондай-ақ "ҚазМұнайГаз", QazaqGaz, "Қазатомөнеркәсіп" және "Қазақтелеком" директорлар кеңестерінің мүшесі болды. 2024 жылдың ақпанынан бастап ҚТЖ директорлар кеңесінде отырды.

2023 жылы Отыншиев "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік медалін алды.

Отыншиевтің алдындағы Талғат Алдыбергенов ҚТЖ басшысы қызметін бір жыл ғана атқарып, лауазымынан кетті. Ол 2025 жылдың 3 шілдесінде Нұрлан Сәуранбаевтың орнына ұлттық компанияны басқарған еді. Бұған дейін Алдыбергенов ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары, одан да бұрын 2008 жылдан 2019 жылға дейін "Кедентранссервисті" басқарған.