Қазақстан құрамасы Азиада-2026 ойындарының ескек есу спринті бойынша медаль қоржынын толықтырды: Сергей Емельянов пен Руфина Искакова аралас каноэ-қосарда 500 метр қашықтықта қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстандық экипаж қашықтықты 1 минут 51,124 секундта жүзіп өтті. Бұл нәтиже спортшыларға үшінші орын әперді.
Осы сайыста алтынды Қытай өкілдері У Шэньюэ мен Ма Янань жеңіп алды. Күміс жүлде Өзбекстан спортшылары Владлен Денисов пен Нилуфар Зокироваға бұйырды.
Дәл осындай сайыста, бірақ байдаркада қазақстандықтар Ольга Шмелёва мен Артём Терещенко төртінші орынмен тұғырдан бір қадам қалды.
Бұл жүзуде қытайлықтар Ли Чэньхао мен Чжан Луси үздік шықты. Күмісті оңтүстіккореялықтар Чой Мин Кю мен Сён Мин Джу, ал қоланы жапондықтар Рин Фукуда мен Акихиро Иноуэ алды.
Осылайша, Азиада-2026-да байдарка мен каноэ есуінің спринт сайыстарында Қазақстан құрамасы алты медаль жеңіп алды: бір күміс және бес қола.


