Қазақстан банктеріндегі барлық депозиттердің 40 пайызға жуығы Алматы тұрғындарына тиесілі — олар шамамен 9,6 трлн теңге жинаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жақында қазақстандық банктердегі халық депозиттері рекорд жаңартып, алғаш рет 30 трлн теңгеден асты. Алайда Finprom порталының айтуынша, резидент еместердің шоттары мен карточкалардағы ақшаны алып тастасақ, сома біршама қарапайым болады — 24,9 трлн теңге.

Бұл сома өңірлер бойынша біркелкі бөлінбеген. Депозиттердегі қаражаттың 40 пайызға жуығы, яғни шамамен 9,6 трлн теңге, Алматы салымшыларында. Екінші орында Астана (3,2 трлн), үшінші орында Қарағанды облысы (1,4 трлн). Бестікке сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы (1,2 трлн) мен Шымкент (1,1 трлн теңге) кірді.

Депозиттерде ең аз ақша Жетісу (303,9 млрд), Алматы облысы (232,4 млрд) және Ұлытау (168,2 млрд теңге) тұрғындарында сақтаулы.

Ал жинақталған жалпы соманы өңірлердің халқымен салыстыратын болсақ, әр алматылыққа орта есеппен 4,1 млн теңге шамасында тиеді. Салыстыру үшін: Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен небәрі 1,2 млн теңгені құрайды. Астанада әр адамға 1,9 млн теңге, ал Шымкентте — 803,9 мың теңге тиесілі. Ең төмен көрсеткіш Алматы облысында тіркелген — әр адамға орта есеппен небәрі 144,1 мың теңге.

Осылайша, депозиттер бойынша көшбасшылар мен аутсайдерлер арасындағы алшақтық 25 еседен асады. Сарапшылардың пікірінше, бұл Қазақстан өңірлері бойынша халықтың жинақ деңгейіндегі елеулі дифференциацияны көрсетеді.

Айта кетейік, бұған дейін екінші деңгейдегі кейбір банктер өздерінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төмендеткен болатын.