2026 жылғы маусымда Enbek.kz электронды еңбек биржасына жұмыс берушілер 108,7 мың бос орын, ал үміткерлер 126,7 мың түйіндеме орналастырды. Мамыр айымен салыстырғанда бос орындар саны 25,4%-ға, түйіндемелер саны 38,3%-ға артқан. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі платформадағы еңбек нарығы мамыр мерекелері кезіндегі маусымдық құлдыраудан кейін қалпына келгенін атап өтті. Жұмыс күші ұсынысының маусымдық артуы, соның ішінде оқу орындарын бітірушілердің еңбек нарығына шығуына байланысты.

Салалық сұраныс құрылымында білім беру (19,2 мың), өзге де қызмет түрлерін ұсыну (16,5 мың), ауыл, орман және балық шаруашылығы (12,1 мың), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету (9,5 мың), құрылыс (8,4 мың) және өңдеу өнеркәсібі (7,3 мың) көш бастап тұр.

Өңірлік бөліністе ең көп бос жұмыс орны Түркістан облысында (12,3 мың), Астанада (8,5 мың), Жамбыл облысында (7,0 мың) және Қарағанды облысында (6,7 мың) жарияланған.

Маусым айында ең жоғары жалақы ұсынылған бос орындар қатарында дивизион директоры (1,98 млн теңге), басқарма бастығының орынбасары (1,38 млн теңге) және ұңғыма инженері (1,31 млн теңге) лауазымдары ерекшеленеді. Ал үміткерлер арасында ең жоғары жалақы күтулері ұшқыш (3,4 млн теңге), жүйелік архитектор (2,5 млн теңге) және хирург дәрігер (2 млн теңге) лауазымдарына үміткерлерде тіркелген.

Үміткерлердің басым бөлігі (49%) 35 жасқа дейінгі жас санатында екені байқалады.