Қазақстанда әл-ауқат деңгейі бойынша санаты көрсетілген сынақ хабарламасын 200 адам алып үлгерді, алайда оны жаппай жіберу туралы шешім әзірге қабылданған жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев атап өткендей, 200 қазақстандыққа сынақ хабарламалары жіберілді. Хабарлама жаппай бола ма деген мәселе қазір талқылануда.

Вице-министр Бақтияр Жазықпаев хабарлама мәтінінде 1 қаңтардан бастап атаулылық пен мұқтаждық қағидатын енгізу және оның негізгі тәсілдері туралы айтылатынын түсіндірді.

«Мәтінде 1 қаңтардан бастап атаулылық пен мұқтаждық қағидаты енгізілетіні, негізгі тәсілдер және олардың қалай жұмыс істейтіні туралы болады. (Санатты анықтау бойынша — ред. еск.) ешқандай шешім болмайды. Тек өзіңіз қаласаңыз, төлемдерден бас тарта алатыныңыз жазылады», — деді вице-министр.

Еске салайық, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кейбір жәрдемақы түрлері отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау негізінде мұқтаждық қағидаты бойынша беріледі.

Бұған дейін қазақстандықтардың қайсысы А (әл-ауқаты жоғары), B (ауқатты), C (305 мыңнан бастап табысы бар), D (кедейлік шегінде) және Е (ең осал санат) санаттарына жататыны хабарланған болатын.

Сонымен қатар әл-ауқат калькуляторының тұсаукесері кезінде қазақстандықтардың деңгейін А-дан Е-ге дейін анықтайтын бұл құрал арқылы мысал ретінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің деректері тексерілді.