Қазақстандағы барлық вакансияның 42%-ға жуығы білікті жұмысшы кәсіптеріне, қызмет көрсету саласына және ауыл шаруашылығына тиесілі. Жұмыс берушілерге қандай мамандар көбірек қажет екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомствоның бағалауынша, 2035 жылға дейін ел экономикасының кадрға деген қажеттілігі шамамен 2,9 млн адамды құрайды. Бұл ретте жұмысшы кәсіптеріне ерекше көңіл бөлінеді: заманауи өндіріс құрылғымен жұмыс істей алатын, күрделі технологиялық операцияларды орындайтын және жаңа өндірістік технологияларды меңгеретін мамандарды талап етеді.
Enbek.kz порталының дерегінше, барлық вакансияның 42,3%-ы қызмет көрсету, сауда, ауыл шаруашылығы саласының мамандарына, сондай-ақ өнеркәсіп, құрылыс, көлік саласындағы білікті жұмысшылар мен құрылғы операторларына тиесілі.
Жалпы еңбек нарығындағы жағдайға келсек, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда 9,4 млн адам жұмыспен қамтылды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Алайда ведомство атап өткендей, жұмыспен қамтудың өзіндік сипаттары — жұмыстың тұрақтылығы, еңбекақы деңгейі, еңбек құқықтарының сақталуы және қауіпсіздік те маңызды.
«Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың бір бағдары — сапалы жұмыс орындарының санын көбейту. Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай олардың санын 3,8 млн-ға жеткізу жоспарлануда», — деді Еңбек министрлігінде.
Сапалы жұмыс орындарына жылына кемінде алты ай жұмыспен қамтуды, өңір бойынша медианалық еңбекақыдан төмен емес ақы төлеуді, қауіпсіз еңбек жағдайын және әлеуметтік қорғауды көздейтін орындар жатады.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтағанын жазған болатын. Ол азаматтарға зор денсаулық, амандық және еңбекте жаңа табыстар тіледі.


