Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Enbek.kz электронды еңбек биржасындағы вакансиялар және жұмыс іздеушілердің жалақы бойынша күтулері туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды infohub.kz.

Ведомствоның дерегінше, өткен айда жұмыс берушілер 108,7 мың вакансия орналастырса, жұмыс іздеушілер 126,7 мың түйіндеме жариялаған. Салалар бойынша сұраныс құрылымында білім беру (19,2 мың вакансия) көш бастап тұр. Өзге де қызмет түрлерін көрсету (16,5 мың), ауыл, орман және балық шаруашылығы (12,1 мың), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету (9,5 мың), сондай-ақ құрылыс (8,4 мың) және өңдеу өнеркәсібі (7,3 мың) салаларында елеулі сұраныс сақталуда.

Ең көп вакансиялар Түркістан облысында (12,3 мың), Астанада (8,5 мың), Жамбыл облысында (7 мың) және Қарағанды облысында (6,7 мың) орналастырылған. Жоғары білікті мамандар вакансиялардың 25 пайызында талап етіледі. Қалған бөлігі орта және төмен біліктілікті вакансиялар арасында шамамен тең бөлінген.

Жұмыс іздеушілердің арасында 35 жасқа дейінгі үміткерлер басым (барлық түйіндеменің 49 пайызы), бұл алдыңғы айларға қарағанда айтарлықтай жоғары және түлектердің еңбек нарығына шығуына байланысты. 35-44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі 25 пайыз, 45-54 жас – 17 пайыз, 55 жастан жоғары – 9 пайыз. 55 пайыз жағдайда жұмысты әйелдер іздесе, 45 пайызында ерлер іздейді.

Маусым айында ең жоғары жалақы ұсынылған вакансиялар қатарында дивизион директоры (шамамен 1,98 млн теңге), басқарма бастығының орынбасары (шамамен 1,38 млн теңге) және ұңғыма инженері (1,31 млн теңге) лауазымдары ерекшеленеді. Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күтулері ұшқыш (шамамен 3,4 млн теңге), жүйе архитекторы (2,5 млн теңге) және дәрігер-хирург (2 млн теңге) лауазымдарына үміткерлерде тіркелген.

«Маусым айының деректері платформадағы мамыр айындағы құлдыраудан кейін іскерлік белсенділіктің қалпына келгенін көрсетеді: сұраныс пен ұсыныс жыл басынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Сұраныс құрылымы тұрақты болып қалып отыр – жұмыс берушілердің негізгі қажеттілігі әлеуметтік салада, қызмет көрсету секторында және маусымдық салаларда шоғырланған, ал ұсыныс тарапынан жастардың, оның ішінде оқу орындарын бітірген түлектердің белсенділігі артты», — деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.

Жыл басынан бері платформаға 604,4 мың вакансия және 736 мың түйіндеме орналастырылды. Бұған дейін Қазақстан үкіметі 2026–2029 жылдарға арналған халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжатта жалақы, жұмыс орындары, азық-түлік бағалары, салық жеңілдіктері, әлеуметтік қолдау және қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайту бойынша шаралар көрсетілген.