Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыстан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлемнің мерзімін нақтылады: төлемнің ең ұзақ кезеңі бұрын хабарланғандай 2026 жылғы 1 қазанда емес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш айға қысқарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
2026 жылғы 1 қазанда тек жұмыспен қамту қызметтерінің жұмысын жаңартуға арналған пилоттық кезең басталады. Оның аясында жұмыссыз мәртебесін бергенге дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімі екі күннен 13 күнге ұзартылады.
Министрліктің түсіндіруінше, осы уақыт ішінде мансап орталықтарының мамандары ізденушінің кәсіби тәжірибесін, дағдылары мен қажеттіліктерін толығырақ бағалап, бейіндеу жүргізіп, бос орындарды іріктеп, жұмыс берушілермен өзара әрекеттесуі тиіс.
Осылайша, азаматтың мансап орталығына жүгінуін формалды тіркеу ретінде емес, жұмысқа орналасудың толыққанды жолы ретінде қарастыру жоспарланып отыр.
Пилот сондай-ақ мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының мамандарын оқытуды көздейді. Негізгі назар бейіндеу сапасына, бос орындарды іріктеуге, азаматтарды жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеуге және нәтижелерді ақпараттық жүйелерде дұрыс көрсетуге аударылады.
Сонымен қатар пилот кезеңінде жұмыстан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем қолданыстағы ережелер бойынша тағайындалады. Оған құқығы бар азаматтар ақшаны бұрынғы шарттармен алу мүмкіндігін сақтайды.
Төлем ұзақтығындағы өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Тиісті түзетулер Әлеуметтік кодекске 2026 жылғы 11 маусымдағы заңмен енгізілген.
Бұған дейін «Курсив» Еңбек министрлігі жұмыстан айырылу бойынша төлемнің ең ұзақ мерзімін 2026 жылғы 1 қазанда үш айға қысқартатынын хабарлағанын жазған. Сонда ведомство төлем ұзақтығы сақтандыру өтіліне байланысты болатынын да атап өткен: 6 айдан 12 айға дейінгі өтілде — бір ай, 12 айдан 24 айға дейін — екі ай, 24 айдан бастап — үш ай. Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшері жеті ең төменгі жалақының 45 пайызынан есептелуі тиіс.


