Әлемдегі эндометриоз жөніндегі клиникалық ұсынымдардың шамамен 70%-ы осы дертпен өмір сүріп жатқан әйелдердің қатысуынсыз әзірленген. Мұндай тұжырымға 47 елдің ұсынымдарын зерттеген Квинсленд университетінің ғалымдары келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Анықталғандай, ұсынымдардың басым бөлігі әзірлеу кезінде эндометриозы бар әйелдердің тәжірибесін ескермеген. Әсіресе Африка мен Шығыс Жерорта теңізі елдерінде олқылықтар айқын байқалады.
Негізінен мұндай құжаттар табысы жоғары елдерде, әсіресе Еуропада бар. Кейбір мемлекеттерде бұл дерт бойынша өз ұсынымдары мүлде жоқ.
Ұсынымдардың төрттен бірі жасөспірімдердің пікірін ескермеген. Алайда эндометриоз белгілері мен диагноздың кешігуі көбіне мектеп жасында-ақ пайда болады.
Барлық құжат гинекологтармен бірлесіп әзірленген, бірақ жартысынан азы жалпы тәжірибелік дәрігерлердің пікірін қамтыған. Ал науқас әйелдер алғашқы кезекте дәл осы мамандарға жүгінеді.
Сонымен қатар ұсынымдар диагностика, емдеу, фертильдікті сақтау және симптомдарды дәрі-дәрмексіз бақылау мәселелерінде айтарлықтай өзгешеленген.
Авторлар эндометриоз жөніндегі қолданыстағы гайдлайндардың картасын жариялады. Жасыл түспен өз клиникалық ұсынымдары бар елдер, сұр түспен эндометриоз бойынша өзекті құжаттары жоқ елдер белгіленген, олардың қатарында Қазақстан да бар.
Эндометриоз — жатырдың кілегей қабығына ұқсас тіннің оның сыртында өсіп кететін созылмалы ауруы.
Ол қатты ауырсыну мен фертильдік мәселелерін тудырып, өмір сапасына әсер етуі мүмкін. Дерт репродуктивті жастағы әйелдердің шамамен 10%-ын, яғни әлемдегі 190 млн-ға жуық адамды қамтиды.
Бүгінгі таңда эндометриозды толық емдеу мүмкін емес, бірақ оның симптомдарын бақылауға болады.
Зерттеушілердің айтуынша, бірыңғай стандарттар медициналық көмекке қолжетімділіктегі теңсіздікті азайтуға көмектесер еді. Олар эндометриоз жөніндегі осындай халықаралық ұсынымдарды әзірлеу үшін ДДҰ-мен ынтымақтасуға ниетті.
2026 жылдың қыркүйегінде дәрігерлер алғаш рет инфарктің бірыңғай анықтамасы туралы келісімге келді. Жаңа ұсынымдар әйелдердегі диагностикаға қалай әсер ететінін Kursiv Health мақаласынан оқыңыз.


