Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева Ресейдегі Усть-Луга теңіз портына ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы қазақ мұнайын жөнелтуге әсер етпегенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
РБК дерегінше, бір күн бұрын Ленинград облысындағы Усть-Луга порт аймағында дрондар шабуылы аясында өрт шыққан. NUR.KZ тілшісі қазақ мұнайының экспорты жағдайына қатысты түсініктеме беру үшін Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдаған.
Ведомствоның ресми өкілі Әсел Серікпаева қазақ мұнайын Усть-Луга теңіз порты арқылы жөнелту осы жылдың қыркүйегінен бастап уақытша тоқтатылғанын айтты.
«Бұл транзиттік құбыр жүйесі тарапындағы инфрақұрылымдық-техникалық шектеулерге ғана байланысты. Индикативтік баланстар мен тараптардың уағдаластықтары сақталуда. Қазақ мұнайы экспортының барлық жоспарланған көлемі тұрақты түрде бөлініп, қолданыстағы басқа маршруттар арқылы жөнелтілуде, жүк жөнелтушілер алдындағы міндеттемелер толық көлемде орындалуда», — деп жауап берді Серікпаева.
Ол 11 қарашаға қараған түні Усть-Луга порты нысандарында болған ұшқышсыз ұшу аппараттарымен оқиға қазақ мұнайын тасымалдауға және экспортына әсер етпегенін атап өтті.


