Қазақстанда климат өзгерісіне байланысты жылу маусымының ұзақтығын қайта қарау мүмкіндігі жоққа шығарылмай отыр. Бұл туралы үкіметтегі брифингте энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомство басшысының айтуынша, энергетиктер жылу беруді үнемі реттеп отырады. «Бірақ кейде біз, айталық, ауаны жылытып алатын жағдайлар болады. Пәтерлерде ыстық, адамдар терезені ашады, біз үй-жайдың орнына атмосфераны жылытамыз. Жылу электр орталықтарының жұмыс регламенті ауа райы жағдайына, ең алдымен температураға қатаң байланысты. Сырттағы температураға қарай жылу беріледі, жылу тасымалдағыш қайтадан жүйеге оралады. Егер жылыну болса, біз мұны әрине жұмысымызда ескереміз», — деді энергетика министрі.
Ол мысал ретінде Астанадағы қазіргі жағдайды келтірді. «Температура өзгерді. Қазір қарашаның ортасына таяп қалды. Астанада алғашқы қар жауғанын көрдік, бірақ қарашада әдетте болатын қар жамылғысы әзірге жоқ. Температура -5-ке дейін төмендеді, ал бұл мезгілде біз -10 немесе -15 күтеміз. Қазір климат пен жауын-шашын мөлшерінің қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл егін жинау науқанынан да байқалады. Биыл астықты кептіруге өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз дизель отыны бөлінді. Аграрийлер егін жинауды аяқтады, жаңбыр болмады, сондықтан астықты сонша көлемде кептіру қажет болмады», — деп қорытындылады Ақкенженов.


