Әлемге әйгілі испан әншісі Энрике Иглесиас елордада өткен концерттен кейін Қазақстандағы жанкүйерлеріне алғысын білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әлем жұлдызы 3 қыркүйекте Астанада өткен концерттің бейнежазбасы мен фотосуреттерін Instagram-да жариялап, көрермендерге ризашылығын білдірді. "Астана! Қазақстандағы алғашқы шоуым үшін рахмет!" — деп жазды әртіс.
Жарияланым бірден "қызыл жүрекшелер" мен толғандырарлық пікірлердің көптеп жиналуына себеп болды. Жанкүйерлер эмоцияларын аямады: "Бұл керемет кеш болды, рахмет", "Біз сені жақсы көреміз", "Батыр", "Біз сені қайта-қайта күтеміз", "Ұмытылмас сәттер үшін рахмет. Кеше тамаша болды", "Тағы бір әлемдік тур, өтінемін", "Керемет дауыс жанды тебірентеді".
Еске салайық, биылғы жылдың наурыз айында Энрике Иглесиас Қазақстанда екі концерт өтетінін мәлімдеген болатын: 3 қыркүйекте Астанада және 5 қыркүйекте Алматыда. Елордадағы өнер көрсету алдында әнші қаладан алғашқы кадрларды бөлісті, ал жанкүйерлер оны әуежайда қарсы алды. Шоудан кейін қазақстандық танымал тұлғалар да әлеуметтік желілерде өз әсерлерімен бөлісті.


