Энрике Иглесиастың Алматыдағы концертінде тәртіпті екі мыңға жуық полиция қызметкері қамтамасыз етеді. Ол 5 қыркүйекте, сенбі күні Орталық стадионда өтеді. Құқық қорғау органдары күшейтілген жұмыс режиміне көшеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тәртіп сақшылары спорт нысанының аумағында да, оған іргелес көшелерде де кезекшілік етеді. Көрермендерді кіргізу 16:00-де басталады. Негізгі кіреберістер Абай даңғылы мен Байтұрсынов көшесі жағынан ашылады. VIP Standing санатындағы билет иелері үшін Сәтпаев көшесі жағында жеке кіреберіс қарастырылған.
Концерт аяқталғаннан кейін бірнеше бағыт бойынша қосымша шаттлдар жіберіледі: әуежайға, Орбита шағын ауданына, Алматы-1 вокзалына, Райымбек даңғылы — Алатау көшесіне, сондай-ақ «Алматы Аренаға».
Стадионға кірер алдында барлық көрермендер тексеруден өтеді. Келушілерден іс-шара ережелерімен алдын ала танысып, тыйым салынған заттарды алып келмеу сұралады. Сондай-ақ полиция қызметкерлері мен бақылаушылардың талаптарын орындау қажет.
Алматы әкімдігі көрермендерді стадионға алдын ала келуге шақырады, бұл адамдардың көп жиналуын болдырмауға және концерттің басына кешікпеуге мүмкіндік береді.


