88 жастағы әлемге әйгілі актер сэр Энтони Хопкинс өзінің алғашқы музыкалық альбомы «Life Is a Dream» («Өмір — арман») туралы айтып, тіпті өзіне күмәнмен қарайтынын мойындады. Оның айтуынша, кейде оған «бұл музыканы мен жазбаған сияқтымын» деген сезім келеді. Бұл құбылысты ол «самозванец синдромы» деп атайды. Дегенмен бұл оның алты онжылдықта жазған 12 композициясын аяқтауына кедергі болмады. Альбомды Густаво Дудамель дирижерлік еткен Филармония оркестрі орындап, Лондондағы Александра Паласста тіркелген. Ол 21 тамызда Decca Records лейблінде шығады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
«Менің алғашқы махаббатым — музыка», — дейді актер. Ол соғыстан кейінгі жылдары музыканың ықпалымен өскенін, тіпті 4 жасынан фортепианода ойнай бастағанын айтады. Алғашқы шығармасы — вальс — 1960 жылы, 22 жасында жазылған. Хопкинс музыканы актерлік өнермен салыстырғанда еркіндік беретінін атап өтеді: «Актерлік — тәртіп, сен өз ісіңді білуің керек. Ал музыка — еркін өнер түрі».
«Life Is a Dream» альбомы оның балалық шағына арналған. Атауы Педро Кальдерон де ла Барканың пьесасымен үндеседі. «Бұл — менің Уэльсте өткен балалық шағымның, жасөспірім кезімнің естеліктері», — дейді ол. Дегенмен альбомда «үлкен мұң» бар екенін де жасырмайды: «Өмір — ұзақ қоштасу. Туылған сәттен бастап біз өле бастаймыз», — деп күледі ол.
Альбомның алғашқы синглі «1947: Suite for Solo Piano and Orchestra: ll. Bracken Road» — Оңтүстік Уэльстегі бір жаз туралы үш бөлімді сюитаның ортаңғы бөлігі. Хопкинс бұл шығармада виолончель арқылы берілетін «сағыныш пен мұң» барын айтады. «Барлық музыка негізінен ауырсынуға негізделген. Бұл — құштарлық туралы», — дейді ол.
Әйелі, режиссер әрі актриса Стелла Хопкинске арналған «Stella Aria» әні «бәріміздегі жалғыздықты» бейнелейді, бірақ сонымен бірге «таза бақытқа» апаратын жолдың бөлігі. Хопкинс өміріне жиі көз жүгіртеді: «Мен өз өміріме қарап, оны жоспарлау мүмкін емес еді деп ойлаймын. 70 жыл бұрын актер болуды шешкенімде, мен неге бұлай істегенімді білмедім. Мектепте мен ештеңеге жарамайтынмын. Стипендияға түсіп, музыкант емес, актер болдым. Кенеттен тағдыр маған үлкен табыс сыйлады», — дейді ол. «Мен өлімнен қорықпаймын, осы ұзақ өмір сүргеніме ризамын», — деп қосады ол.
Альбомның пайда болуына актер Брэдли Купер себепкер болған. Ол бірнеше жыл бұрын Хопкинстің Бирмингем симфониялық оркестрімен өнер көрсетуін көріп, оны Дудамельге ұсынған. Дудамель бірден келіскен. Хопкинс жазба кезінде «Мен мұны қалай жаздым?» деп таңғалғанын айтады. Ал Дудамель оны «керемет» деп бағалаған. Дудамельдің пікірінше, Хопкинстің музыкасында «терең қиял, адамгершілік пен эмоционалды шындық» бар, ол «әңгімеші жүрегімен және ақынның интуициясымен» музыка әлемін жасайды.
Альбомнан кейін Хопкинс тірі орындауларды жоспарлап отыр. Оның арманы — Карнеги-холлда өнер көрсету. «Мен сол жерде ойнағым келеді», — дейді ол. 1947 жылғы «Карнеги-холл» фильмі оған қатты әсер еткен, анасы оған «Сен бір күні Карнеги-холлда ойнайсың» деп айтқан еді. Бұл — оның арманға толы өміріндегі тағы бір арманы.


