Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропалық одақтың бүкіл аумағында 13 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оның айтуынша, жас еуропалықтар күніне төрт-алты сағат экранға қарап отырады, өйткені алгоритмдер олардың назарын тым қатты ұстап қалады.
«Біз балаларымыздың толық тұтқынға түскенін көріп отырмыз. Олардың назары, зейіні, санасы баурап алынды. Бұл балаларды балалық шағынан айырады», — деді ол.
Фон дер Ляйен кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатаң шектеулер қарастыратын «Балаларды қорғау туралы» заңды қабылдау жоспарын жариялады.
«Біз кезең-кезеңімен және сараланған тәсілді қолданамыз. Әр жастың өз ерекшелігі бар, сондықтан әрқайсысы үшін жеке қорғау деңгейі болады. 13 жасқа толмаған адамдарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынады. 15 жасқа толмаған адамдарға жеке аккаунт ашуға тыйым салынады. Бұл 13 пен 15 жас аралығындағыларға ата-анасы немесе қамқоршысы жасап, бақылайтын, функциялары шектеулі және күніне бір сағаттан аспайтын уақыт шектеуі бар мини-аккаунттарға ғана рұқсат етілетінін білдіреді, ал 15 пен 18 жас аралығындағылар үшін платформалар қауіпсіз дизайн енгізуге міндетті болады», — деді Еврокомиссия төрағасы.
Ол Еуроодақ тәуелділік тудыратын фильмдер мен сериалдарға, сондай-ақ балалардың барған сайын экстремалды контентке әуестенуіне жол бермейтінін қосты.
«Енді платформалар бізге өздерінің қауіпсіздігін дәлелдеуге міндетті болады, өйткені бұл — кәмелетке толмағандарымыздың әлеуметтік желілерге қол жеткізуі туралы емес. Бұл — біз әлеуметтік желілерге кәмелетке толмағандарымызға қашан және қалай қол жеткізуге рұқсат беретініміз туралы. Еуропаның әрекет етуге құқығы бар. Ережені ірі технологиялық компаниялар емес, біз белгілейміз», — деп атап өтті ол.


