Еуропалық Одақ 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеуді көздейтін жоспарын жариялады. Бұл қадам балалардың әл-ауқатын жақсартып, интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жоспар бойынша, балалардың әлеуметтік желіге кіруіне біртіндеп көшу қарастырылған. Атап айтқанда, 13 жасқа толмағандарға платформаларға кіруге толық тыйым салынады.
Ал 13 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер платформаларға тәулігіне бір сағат қана кіре алады. Ол үшін ата-анасының немесе қамқоршысының әлеуметтік желідегі аккаунты арқылы ашылған «шағын аккаунттар» пайдаланылады.
Еуропалық комиссия әлеуметтік желі компаниялары өз платформаларының бастапқы жобасынан-ақ қауіпсіз екенін дәлелдеуі тиіс екенін мәлімдеді. Еуропалық Одақ басшысы Урсула фон дер Ляйен бұл қадам «ата-аналарды басқару тізгініне қайтарады» деп атап өтті.
Оның сөзінше, «ЕО балалар туралы акт» деп аталған заңнама ата-аналарға «балаларына қауіпсіз әлемде жол табуға көмектесетін құралдарды» береді.
Аталған актіге сәйкес, тек 15 жасқа толған балалар ғана өздерінің жеке әлеуметтік желі аккаунттарын аша алады.
Урсула фон дер Ляйен бұған дейін Еуропадағы балалар үшін әлеуметтік желіге «кідірту» енгізуді ұсынған болатын. Ол мамыр айында «әлеуметтік желіге ең төменгі жас шегін белгілеу туралы талқылауды енді елемеуге болмайды» деген еді.
Бейсенбі күні ресми түрде жарияланған бұл саясат сәрсенбі күні ЕО басшысының Еуропалық парламентте сөйлеген жылдық баяндамасында да айтылған болатын.
Кейбір жекелеген ЕО елдері, соның ішінде Франция мен Испания, балалардың әлеуметтік желіге кіруін шектеу жөнінде өздерінің жеке жоспарларын жариялап үлгерді.


