Еуропалық одаққа мүше он сегіз мемлекет мигранттар ағынына қарсы бірыңғай механизм құруға келісті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа шаралар туралы Bild басылымы мәлімдеді. Оларды қабылдау мәселесі Сеутадағы дағдарыстан кейін туындағаны атап өтілді, алайда кездесуде Испания өкілдері болмады. Еуропа соңғы оқиғалардан кейін сыртқы шекараларында мигранттардың кенеттен ағылуына дайындалмақ.
Германияның ішкі істер министрі Александр Добриндт және ЕО-ның ішкі істер мен миграцияға жауапты тағы 17 министрі осындай миграциялық дағдарыстарға жауап берудің жалпыеуропалық механизмін әзірлеуді көздеп отыр.
Басылым дерегінше, министрлер үш тармақтан тұратын жоспарға келісті. Біріншісі — сыртқы шекаралардағы жағдайды төтенше деп тануға мүмкіндік беретін ЕО үшін бірыңғай өлшемдерді енгізу. Екінші тармаққа сәйкес, дағдарыс туындаған жағдайда мигранттарды жеделдетіп шығаруға болады. Үшінші тармақ сыртқы шекарада дағдарысқа тап болған ЕО еліне 24 сағат ішінде Frontex жедел әрекет ету күштерін жіберуге мүмкіндік беретін қолдау механизмін құруды көздейді.
Бұған дейін 30-31 шілдеге қараған түні мыңдаған марокколық мигрант Солтүстік Африкадағы Испанияның Сеута эксклавындағы шекараны бұзғаны хабарланған — Испания билігі әскерді жұмылдырды.
Испания билігі жұма күні кешке қарай мигранттардың көпшілігі Сеутадан кетіп, Мароккоға оралғанын атап өтті. Бастапқыда шекаралық қоршау орнатылған қабырға арқылы жағаға шығуға тырысқандағы қысылыста кемінде 57 мигрант қаза тапқаны, олардың денелері судан алынғаны хабарланған.
Сонымен қатар Марокко ІІМ мигранттардың Испанияға басып кіруіне не себеп болғанын түсіндірді. Болған жағдай жалған ақпаратпен байланыстырылды.
Кейінірек Марокколық мигранттар Испаниядан босқын мәртебесін беруді талап етті. Олар өз талаптарын ұсынып, наразылық акциясын өткізді.


