Еуропалық одақ кеңесі 12 қазанда үш жеке тұлға мен төрт ұйымға қарсы шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Оған Солтүстік Кореяның қару-жарақ бағдарламаларын қолдау, сондай-ақ Мәскеу мен Пхеньянның БҰҰ шектеулерін айналып өтіп ынтымақтасуы негіз болды. Тиісті мәлімдемені ЕО кеңесі жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа санкциялар солтүстіккореялық жұмысшыларды Ресейге жіберуді, бірлескен коммерциялық және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруды, сондай-ақ «қаруға мұнай айырбастау» схемасы бойынша сауданы қамтиды. Еуроодақ бұл әрекеттерді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзады деп санайды, оларға өткенде Ресейдің өзі де дауыс берген.
Санкциялық тізімге КХДР Ұлттық аэроғарыштық технологиялар басқармасының зерттеушісі Ли Сон Чжин енді, ол бір мезгілде елдің Бас зымыран басқармасында қызмет етеді. ЕО кеңесінің мәліметінше, ол солтүстіккореялық зымырандарды қолдануды қамтамасыз ету үшін техникалық маман ретінде Ресейге жіберілген.
Шектеулерге ресейлік Samolet Group девелопері мен оның бас директоры Анна Акиньшина да ілікті. Еуроодақтың тұжырымынша, компания Владивостоктағы құрылыс жобаларына КХДР жұмысшыларын тартқан, бұл БҰҰ санкцияларын бұзады.
Сондай-ақ Black Horse холдингінің негізін қалаушы және президенті Владимир Соколовқа қарсы да шектеулер енгізілді. ЕО кеңесі оны КХДР қатысатын коммерциялық және өнеркәсіптік жобаларды, соның ішінде Приморье өлкесіндегі бірлескен инвестициялық жобаны дамытумен байланыстырады.
Тізімге Black Horse-тың еншілес құрылымы — Golden Autumn Agroholding, сондай-ақ Paekyangsan Shipping Co Ltd кеме қатынасы компаниясы да енгізілді. ЕО дерегінше, оның КХДР туымен жүзетін Paek Yang San 1 кемесі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын бұзып, Ресейден Солтүстік Кореяға мұнай өнімдерін тасымалдаған.
Санкциялар фигуранттардың активтерін қатыруды және оларға тікелей немесе жанама түрде қаражат пен экономикалық ресурстар беруге тыйым салуды көздейді. Жеке тұлғаларға Еуроодаққа кіруге де тыйым салынған.
Қабылданған шешімнен кейін ЕО-ның КХДР жөніндегі өз санкциялық тізімінде 80 жеке тұлға мен 25 ұйым бар.


