Батыс Қазақстан облысында сот эпилепсиясы бар жергілікті тұрғынды жүргізуші куәлігінен айырды. Облыстық полиция департаменті талап қойған, сот оны қанағаттандырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Батыс Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, Жаңғала аудандық соты полиция департаментінің ер адамға қатысты талап арызы бойынша азаматтық істі қарады. Талап көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату және жүргізуші куәлігін тапсыруды міндеттеу болды.
Іс барысында жауапкердің 2017 жылғы 29 тамызда «В» санатындағы жүргізуші куәлігін алғаны анықталды. Алайда медициналық мекеменің деректері бойынша, ол G40.8 — «Эпилепсияның басқа нақтыланған түрлері» диагнозымен диспансерлік есепте тұр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жүргізушінің денсаулық жағдайының нашарлауы көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтірсе және медициналық қорытындымен расталса, бұл көлік басқару құқығын тоқтатуға негіз болады. Сот жауапкердегі аурудың медициналық қарсы көрсетілімдер тізіміне кіретінін және автомобиль басқаруға абсолютті қарсы көрсетілім екенін анықтады.
Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот талапты қанағаттандырды. Жүргізуші куәлігінің қолданысы тоқтатылып, ер адам оны БҚО ПД бөлімшесіне тапсыруға міндеттелді. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.


