Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Епті тышқан бидайды таси берген...
Епті тышқан бидайды таси берген,
Шәкірті де көп екен қасына ерген.
Қақпан құрған адамның айлаларын
Алып тастап, жем жеген талай жерден.

Өзге тышқан үйреніп ол өнерден,
Талай қиын орыннан тамақ терген.
Бір күні басшы тышқан кезіп жүріп,
Аузын мықтап бекіткен күбі көрген.

Тәтті ірімшік иісі мұрнын жарып,
Тесік жерін таба алмай болған ғарып.
Бұрын шүмек орнатқан бір жері бар,
Әрқашан тырмалайды соны барып.

Неше күндей қажалап тескен соны,
Іздеген мақсұтына жеткен қолы.
Өмірлік азық қылып жатайын деп,
Жолдасынан жасырған айтпай оны.

Алдынан ұя жасап, жатқан бұғып,
Қарны ашса жүреді кіріп, шығып.
Жолдасының біреуі келе жатса,
Тесікке қояды екен тығын тығып.

Жиылып келді бір күн шәкірттері:
«Сізді бір көрмедік,– деп,– көптен бері
«Тышқан көп» деп тамағын тықты бұл ел,
Ала алмадық қиын боп қойған жері.

Біз аш жүрміз солай боп бірталайдан,
Оңай тамақ табылар енді қайдан.
Көпті көрген айлакес батыр едің,
Тағы да тиер ме екен бізге пайдаң».

Ол айтты: «Тәуба қылдым сопы болып,
Ұрлық қылған күнә ғой елді торып.
Мұнан былай келмеңдер маған жақын,
Кеудеме кетті бүгін иман толып.

Қасыма келе берсең, күнәң жұғар,
Ұрлықты ойлап ойымнан иман шығар.
Аштан өліп қалуға ризамын,
Енді ұрлыққа болмаймын тіпті құмар».

Ойласам, сол тышқандай бұзықтар көп,
Сырты сопы, іші арам қылықтар көп.
Пара алып, не қазынаның ақшасын жеп,
Адалымсып жүретін ұлықтар көп.

Бір емес, әр жерде бар осындайлар,
Өз малын өзі ұрлайды кейбір байлар.
Қазына берген ақшаны қалтаға сап,
Елге міндет кеңсешіл пысықайлар.

Бір ұрты май, бір ұртында қандар да бар,
Қой терісін жамылған жандар да бар.
Жазасызды жалалап атақ алып,
Ақ жүрексіп жүретін паңдар да бар.

Арамдықпен жеткізіп көкке қолын,
«Кәмөнөс» боп алады жоғары орын.
Тартылса анық әділ таразыға
Бір-ақ күнде қайнатар оның сорын.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама