Қазақстандық скрипкашы Ерасыл Хамит, Вена радиосының симфониялық оркестрінің (ORF Radio-Symphonieorchester Wien) әртісі, Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залының сахнасында концерт берді, деп хабарлайды infohub.kz.

27 тамызда мұнда «Венадан Буэнос-Айреске дейін» атты концерт өтті. Онда вена классикасы мен аргентиналық танго туындылары біріктірілді.

Кештің басты оқиғасы — Хамиттің Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған концертін орындауы болды. Музыканттың өнерін көрермен ұзақ қошеметпен қарсы алды.

Ерасыл Хамит үшін бұл концерттің ерекше мәні бар. Оның айтуынша, Алматы — оның ата-бабаларының, оның ішінде атасының тарихи отаны.

«Мен үшін дәл осы жерде, ата-бабаларым, соның ішінде атам өмір сүріп, еңбек еткен тарихи отанда өнер көрсету үлкен мәртебе. Мен бұл топырақпен ерекше байланысты сезінемін. Бұл зал тамаша, ал көрерменнің ықыласы өте жылы болды — мұндай сәттер ерекше шабыт береді», — деді скрипкашы.

Кештің ерекше сәті — камералық оркестр құрамында Ерасыл Хамиттің ата-анасының қатысуы болды. Олар ұлымен бірге сахнаға шығып, отбасылық музыкалық дәстүрді жалғастырды.

Концерттің екінші бөлімінде Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» циклі орындалды. Бұл туынды бағдарламаның жарқын жалғасы болып, көрерменге академиялық музыка мен аргентиналық тангоның үйлесімін тыңдауға мүмкіндік берді.

Іс-шара соңында премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан Ерасыл Хамитке құрмет пен алғыс ретінде гүл шоғы табыс етілді.

Еске салайық, Ерасыл Хамит Алматыда дүниеге келген. Ол скрипкада ойнауды Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Зальцбургте және Венада үйренген. Қазақстандық жоғары наградаларға ие болып, халықаралық байқауларда әйгілі симфониялық оркестрлермен өнер көрсетеді.