Түркия Президенті Режеп Тайип Эрдоган Әзірбайжанға ресми сапары барысында екі елдің бауырластық қарым-қатынасын әлсіретуге тырысқандарға жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Report басылымының мәліметінше, түрік көшбасшысы Әзірбайжанға ресми сапармен барып, Әзірбайжан мен Түркияның бауырластығын әлсіретуге ұмтылыс ешқашан сәтті болмайтынын бірнеше рет атап өтті.
«Бакудің қуанышы — Анкараның қуанышы. Шушаның мақтанышын біз бүкіл ұлттың мақтанышы деп білеміз. Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) қазіргі жағдайы — ортақ ерік-жігеріміз бен бірлескен күш-жігеріміздің ең жарқын көрінісі», — деді Эрдоган Ильхам Алиевпен бірге өткен баспасөз конференциясында.
Тағы бір жергілікті Minval басылымы түрік президентінің тағы бір сөзін келтіреді. Ол Түркия мен Әзірбайжан арасына жік салуға тырысқандардың басы бәйгеде қалатынын атап өтті. Оның пікірінше, Түркия мен Әзірбайжанның, сондай-ақ басқа да түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы кейбір күштерді алаңдатып отыр.
Эрдоган бұл бірлікті тікелей бұзуға шамасы жетпегендер оны түрлі арандатушылықтар арқылы әлсіретуге тырысуы мүмкін екенін ескертті.
«Мұндай ойындарға қарсы абай болып, сақтық таныту ерекше маңызды. Жалған ақпаратқа сенбеуіміз керек және әр мәселе бойынша тікелей, шынайы әрі ашық байланыс арналарын ұстануымыз қажет», — деді түрік көшбасшысы.


