Қазақстандық тау-кен өндіру холдингі ERG өзінің бразилиялық BAMIN еншілес компаниясын португалиялық Mota-Engil-ге сату бойынша келіссөздердің соңғы сатысында тұр, деп хабарлайды infohub.kz.
Латынамерикандық бизнес-платформа BNamericas-тың мәліметінше, Mota-Engil Bahia Mineração (BAMIN) компаниясын сатып алу туралы алдын ала келісімге қол қойып, кешенді тексеру процесін бастаған. Келісім жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін жасалады деп күтілген еді, бірақ ERG-дегі акционерлердің ауысуы келіссөздерді кешіктірді.
Басылым дереккөзі келіссөздердің қазір аяқталу сатысында екенін, келісімшарттарға тексеру жүргізіліп жатқанын атап өтті. Келісімге алдағы екі ай ішінде қол қойылуы мүмкін. Қол қойылған жағдайда ERG еуропалық компанияға Баия штатындағы Педра-де-Ферро темір кенішін өндіру жобасын береді. ERG сайтында бұл жоба әлемдегі ең жоғары сапалы және ең аз қоспалы темір кен орындарының бірі екені көрсетілген.
Сонымен қатар, Mota-Engil ERG-дің орнына FIOL трансконтинентальді теміржолы мен Порту-Сул көпфункционалды терең су портының құрылысымен айналысады. BAMIN жобалары шамамен 5 млрд доллар көлемінде инвестицияны қажет етеді деп күтілуде. Басылымда Бразилия үкіметі Mota-Engil мен ERG арасындағы келіссөздерді жеделдету үшін тікелей күш салып жатқаны да атап өтілген.
«Курсив» басылымы ERG-ге түсініктеме алу үшін жүгініп, жауап күтуде. Бұған дейін Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, ERG акционерлері топты қазақстандық және халықаралық бағыттарға бөліп қайта құрылымдау мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған болатын. Мұндай талқылауларды жеке акционерлер Шұхрат Ибрагимов пен Шахмұрат Мұталип жүргізуде.
Естеріңізге сала кетейік, ERG – Қазақстандағы ең ірі тау-кен өндіру холдингі, оның Қазақстанда, Конго Демократиялық Республикасында және Бразилияда мыс, кобальт, алюминий және басқа металдарды өндіру жобалары бар. 2026 жылғы мамырда ERG қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мұталипке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы тау-кен тобының 39,3% акциясын сатып алғанын хабарлады. Пакет Патох Шодиевтен (18,6%) және Александр Машкевичтің мұрагерлерінен (20,7%) сатып алынды. ERG-тің тағы 20,7% Ибрагимовтар отбасына тиесілі, ал 40% акция Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің еншісінде.


