Қазақстан вице-президенті Ерлан Карин халықаралық кино жобасының тобымен кездесті. Оның құрамында аты аңызға айналған актер Джеки Чан бар. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ақорда сайтының мәліметінше, Ерлан Карин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халықаралық кино жобасының түсіру тобымен кездесті. Вице-президент әлемге әйгілі режиссер әрі киноактер Джеки Чанмен, сондай-ақ шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергеновпен әңгімелесті.

«Кездесу барысында кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ бірлескен кино жобаларды одан әрі іске асыру мүмкіндіктері талқыланды», — делінген хабарламада.

Ерлан Карин Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа технологияларды дамытуға, креативті индустрияларға және азаматтардың шығармашылық әлеуетін іске асыруға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Вице-президент Қазақстанда осындай ауқымды жобалардың іске асырылуы отандық киноиндустрияның дамуына, оның кәсіби өсуіне және елді халықаралық киноөндіріс үшін перспективалы алаң ретінде танытуға ықпал ететінін атап өтті.

Кино саласында жаңа технологияларды қолдануға ерекше назар аударылды. Ерлан Карин мемлекет басшысы бастамашылық еткен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында астанада Astana AI Film Festival өткенін хабарлады.

«Жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер байқауына әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түсті. Ауқымы мен географиялық қамтуы бойынша фестиваль AI-киноға арналған әлемдегі ең ірі оқиғаға айналды», — деп нақтылады Ақордада.

Кездесу соңында Ерлан Карин Джеки Чанға Қазақстанға деген ерекше жылы көзқарасы үшін алғыс айтып, жобаның барлық қатысушысына шығармашылық табыс тіледі.

Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйек айының соңында Джеки Чан Алматыға келген еді: атақты актердің сапары қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Кейін Джеки Чан қатысатын «Құдай сауыты» фильмінің төртінші бөлімі Қазақстанда түсірілетіні белгілі болды. Актер жаңа бөлімді түсіруге режиссерді де таңдады.

Маусымда Маңғыстау облысында аты аңызға айналған Джеки Чанның қатысуымен «Құдай сауыты 4: Ультиматум» халықаралық кино жобасының түсірілімі басталды. Шілдеде түсірілім Алматыда басталғаны хабарланды.