Қазақстанда ерлер бала күтіміне байланысты демалысқа шығуға құқылы, алайда олар ана болу жәрдемақысын ала алмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство басшысының айтуынша, көптеген қазақстандықтар жәрдемақы төлеу реформасынан кейін ерлерге декреттік төлемдер беріле ме деп қызығушылық танытып жүр.

«Қабылданған заңға сәйкес, ана болу жәрдемақысы тек аналарға арналған. Бұл төлемнің мақсатының өзгеруімен байланысты: ол әйел мен баланы қолдауға, соның ішінде ананың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған. Ал ер адам бала күтіміне байланысты демалыс рәсімдеп, өзі балаға қарай алады, бірақ ана болу жәрдемақысын ала алмайды», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

Ол әке декретке шыққан жағдайда ана жұмысқа шығып, бала 1,5 жасқа толғанша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан өзіне тиесілі төлемдерді ала беретінін қосты.

«C, D және E санаттарындағы отбасыларға тиісті құқығы болған жағдайда республикалық бюджеттен де төлемдер қарастырылған. Әке бұл кезде бала күтіміне байланысты демалыста болып, оны тәрбиелеумен айналыса алады», — деді министр.

Бұған дейін қазақстандықтардың қайсысы A (бай), B (ауқатты), C (табысы 305 мыңнан жоғары) және D (кедейлік шегінде) және E (ең осал санат) санаттарына жататыны хабарланған болатын.