Ертіс өзенінің бірыңғай цифрлық паспорты пайда болуы мүмкін. Осындай бастаманы Павлодарда өткен халықаралық форумда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Ертіс өзенінің бірыңғай цифрлық паспорты» жаңартылып отыратын ақпараттық жүйеде су тереңдігі мен сапасы, жағалау жағдайы, балық қоры, кеме жүзетін учаскелер және гидротехникалық құрылыстар туралы деректерді біріктіруі тиіс. Жаңа жүйенің арқасында өңірлер тасымалдауды, түп тереңдету жұмыстарын және порт инфрақұрылымын жоспарлау кезінде нақты деректерді пайдалана алады.

Жүйе құру үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімі бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның құрамына Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары, өңірлері және ғылыми ұйымдары кіруі мүмкін.

Сонымен қатар форумда Зайсан көлінің жағасындағы Тұғыл ауылында салынатын жаңа порт таныстырылды. Жоба әзірге пысықтау сатысында тұр. Оған негіз болатын — қазіргі айлақ, қоймалар және ұзындығы 99 шақырымдық Тұғыл – Майқапшағай темір жолы.

Жаңа порт арқылы құм, гранит, қиыршық тас және бентонит тасымалдау жоспарланып отыр. Тасымал көлемі бір навигацияда үш миллион тоннадан асуы мүмкін, алайда оны жүк жөнелтушілермен әлі келісіп, бағыттардың экономикасын есептеу қажет.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстан, Қытай және Ресейдің Ертіс өзенін бірлесіп пайдалану жөнінде үшжақты консультациялар өткізуді пысықтап жатқанын жазған. Сарапшылар су және экологиялық қауіпсіздікті арттырып, энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға көмектесетін іс-қимыл жоспарын құрып қойды.