Қазақстан, Ресей және Қытай трансшекаралық Ертіс өзенін бірлесіп пайдалану мәселелері бойынша үшжақты консультациялар өткізу мүмкіндігін пысықтап жатыр. Бұл туралы «Российская газетаға» берген сұхбатында Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов мәлімдеді, деп хабарлайды «Интерфакс», infohub.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресейдің табиғат қорғау ведомствосы басшысының айтуынша, Ресей-Қазақстан бірлескен жұмыс тобы Ертіс өзенін су шаруашылығы және су-энергетикалық мақсатта пайдалану жобасын дайындауды қолға алған. Сарапшылар су және экологиялық қауіпсіздікті арттыруға, сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған іс-шаралар жоспарын құрды.
«Тараптар әрқайсысының жауапкершілік аймағын айқындап, жұмыстарды егжей-тегжейлі сипаттайтын, орындалу мерзімдері мен әр кезеңнің құнын көрсететін күнтізбелік кестені дайындады», — деді Козлов.
Министр сондай-ақ Қытайды тарта отырып, жобаны үшжақты форматта дамытудың айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті.
«Қазір Ертіс бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін бейінді министрліктер деңгейінде үшжақты консультациялар өткізу мүмкіндігін пысықтап жатырмыз», — деп нақтылады ол.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстан мен Ресей трансшекаралық Ертіс өзенін бірлесіп басқару, сондай-ақ онда туризм мен басқа да бағыттарды дамыту ниетін бекітетін арнайы хаттамаға қол қойғанын хабарлаған. Ынтымақтастық жоспары экономика мен ауыл шаруашылығынан бастап спорт, цифрландыру және жастар саясатына дейінгі 30-дан астам саланы қамтиды.


