Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ержан Ерболұлы Ертаев Қазақстан Республикасы энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Үкіметтің баспасөз қызметі нақтылағандай, Ержан Ертаев 1985 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Ол Инновациялық Еуразия университетін, сондай-ақ Анхальт қолданбалы ғылымдар университетін бітірген.
Еңбек жолын 2009 жылы жеке құрылымда электромеханик болып бастады. 2009–2013 жылдары Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының энергетика бөлімінде жетекші маман, бас маман қызметтерін атқарды.
2013–2014 жылдары Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде бас сарапшы, басқарма басшысы лауазымдарын иеленді.
2015–2018 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ақмола және Қарағанды облыстары бойынша аумақтық департаменттерін басқарды.
2018–2020 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі комитеті төрағасының орынбасары болды.
2020–2021 жылдары Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.
2021–2022 жылдары «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы аппаратының басшысы қызметін атқарды.
2022–2023 жылдары «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры болды.
2023–2024 жылдары Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болды.
2024 жылдың шілдесінен бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды.


