Жетісу облысында синтетикалық есірткі сатумен айналысқан ұйымдасқан топтың сегіз болжамды мүшесі ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, Жетісу облысында Қазақстан Республикасының аумағында синтетикалық есірткі заттарын заңсыз сатумен айналысқан ұйымдасқан топтың қызметі тоқтатылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында сегіз болжамды қатысушы ұсталды.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, қылмыстық әрекет шетелден үйлестірілген. Ұйымдастырушы синтетикалық есірткі заттарының жеткізілуін қамтамасыз етіп, топ мүшелерінің арасында рөлдерді бөліп, жасырын орындардың координаттарын жіберіп, қылмыстық тапсырмалардың орындалуын бақылап, сондай-ақ криптовалюта арқылы есеп айырысуды жүзеге асырған.
Алдын ала анықталғандай, топ мүшелері ұйымдастырушының нұсқауы бойынша Талдықорған, Алматы, Қонаев, Қаскелең және Павлодар қалаларының аумағында жасырын орындар жабдықтаған.
Тергеу және жедел іс-шаралар барысында құрамында синтетикалық есірткі заты «мефедрон» бар деп болжанған ұнтақ тәрізді зат салынған бумалар, сот сараптамасына жіберілген басқа да заттар, дәлелдемелік мәні бар ақпараты бар ұялы телефондар, сондай-ақ Exodus криптовалюта әмияны арқылы есеп айырысу туралы мәліметтер алынды.
Анықталған барлық фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес қылмыстық істер тергелуде.
Ұйымдастырушының жеке басын, оның орналасқан жерін, есірткі заттарын жеткізу арналарын, сондай-ақ құқыққа қарсы әрекетке қатысы бар басқа да адамдарды анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы Жетісу облысы прокуратурасының бақылауында.


