Еуропадағы орман өрттері мен аномальды ыстықтың экономикалық шығыны 2026 жылдың басынан бері 3 млрд еуродан асты, деп хабарлайды infohub.kz.
Financial Times газеті табиғи апаттардың салдарын талдай келе, Еуропа елдеріндегі орман өрттері мен аномальды ыстықтың экономикалық шығыны 2026 жылдың басынан бері 3 млрд еуродан асқанын анықтады. Мақаланың аудармасын РИА Новости келтірді.
«Францияны, Испанияны және Еуропаның басқа да аймақтарын шарпыған орман өрттері мен аномальды ыстық кезеңдері биылғы жылы 3 миллиард еуродан астам шығын келтірді», — деп жазады басылым.
Financial Times бағалауынша, өрт қаупі маусымының алғашқы екі айында от шамамен 500 мың гектар жерді жойды. Еуроаймақтың ең көп зардап шеккен бес елі үшін ғана шығын 3,1 млрд еуроны құрайды.
Газет түпкілікті шығын сомасы айтарлықтай жоғары болуы мүмкін екенін атап көрсетеді. «Жылжымайтын мүлікке, ауыл шаруашылығына және туризм саласына келтірілген залал әлі де есептелуде», — делінген жарияланымда.
Ең көп зардап шеккен елдер қатарында Испания, Португалия, Франция, Италия және Грекия бар.
Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон ел Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері ең көп табиғи өртке тап болғанын мәлімдеген еді.
Бұған дейін біз Франция мен Испанияны шарпыған ірі өрттер туралы жазғанбыз. Испаниядағы орман өрті 12 адамның өмірін қиды. Франция президенті Эммануэль Макрон басқа мемлекет басшыларынан көмек сұрады. Одан бұрын біз Франция билігі елдің оңтүстік-батыс жағалауындағы Кап-Ферре мүйісінен тұрғындарды толық эвакуациялау туралы бұйрық бергенін жазғанбыз. Ондаған мың тұрғын мен туристке қауіп төніп тұр.


