Еуропалық хабар тарату одағы әскери қимылдарға қатысып жатқан елдерге «Евровидение» ән байқауын өткізуге ресми түрде тыйым салды, деп хабарлайды infohub.kz.
Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) халықаралық ән байқауын өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. Енді өкілі «Евровидениеде» жеңіске жеткен ел, егер сол елдің немесе оған тікелей іргелес аймақтың қауіпсіздігіне қарулы қақтығыс немесе күрделі геосаяси жағдай айтарлықтай әсер етсе, келесі жылы байқауды өз аумағында өткізу құқығынан автоматты түрде айырылады.
Ереженің жаңа редакциясында: «Қажет болған жағдайда EBU жеңімпаз ел аймағындағы қауіпсіздік деңгейіне тәуелсіз бағалау жүргізуді бастамашылық ете алады. Осы бағалау нәтижелері бойынша EBU Референттік топпен бірлесіп, жеңімпаз елдің хабар тарату компаниясы байқаудың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ете алатынын анықтайды. Егер жеңімпаз елдің хабар тарату компаниясы байқауды қабылдай алмайды деп танылса, EBU баламалы ұйымдастырушы-хабар таратушыны анықтайды», — делінген.
Еске салайық, мамыр айында Испания, Исландия, Ирландия, Словения және Нидерланд елдері Израильдің байқауға қайта қатысуына рұқсат берілгеннен кейін басты еуропалық ән байқауына бойкот жариялағаны белгілі болды.


