Германияның Рейнланд-Пфальц жерінде орналасқан американдық әскери әуе базасында F-16 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Аймақ билігінің дерегінше, оқиға салдарынан кемінде бір адам зардап шекті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Апат 22 қыркүйекте АҚШ Әуе күштерінің Шпангдалем әуе базасында болды. Айфель-Битбург-Прюм аудандық әкімшілігі зардап шеккен адам туралы ақпаратты растады.

Куәгерлер база аумағы үстінен қара түтіннің үлкен бағанасын байқаған. Шпайхер қаласының мэрі Бирте Томсен реактивті ұшақтың қалай тез биіктіктен төмендегенін, содан кейін нысан үстінен түтін көтерілгенін көргенін айтты.

Куәгерлердің айғақтары бойынша, оқиға алдында базадан екі ұшақ ұшқан. Олардың біреуі, болжам бойынша, апатқа ұшыраған, ал ұшқыш сәтті катапульттелген. Оқиға орнына жедел қызметтер жіберілді. Әуе базасына жергілікті өрт сөндіру қызметі шақырылды, алайда кейін оқиға американдық нысан аумағында болғандықтан, ол кері шақыртылды.

Басылым атап өткендей, Шпангдалемде АҚШ Әуе күштерінің F-16 жойғыш ұшақтарымен жабдықталған 52-ші жойғыш қанаты орналасқан. Апат себептері мен ұшақтың нақты түрі әзірге жарияланбай отыр.