21-25 қыркүйек аралығында Қазақстанда халықаралық авиациялық қауіпсіздік бағалауы (IASA) өтеді. Оны АҚШ Федералдық авиация әкімшілігі жүргізеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Ведомствоның нақтылауынша, 2026 жылғы бағалау FAA-мен жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарының жалғасы. Соңғы екі жылда Көлік министрлігі Қазақстанның Авиациялық әкімшілігімен және Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігімен бірлесіп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын ашу бағытында жұмыс істеп келеді.
«Бағалау мемлекеттің ұшу қауіпсіздігін қадағалау жүйесіне қатысты жүргізіледі және Қазақстан Республикасының авиациялық органдарының 1-қосымшадағы «Авиациялық персоналға куәлік беру», 6-қосымшаның I бөліміндегі «Халықаралық коммерциялық әуе көлігі – ұшақтар» және 8-қосымшадағы «Әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы» талаптарында көрсетілген қолданыстағы стандарттар мен ұсынылған тәжірибеге сәйкестігін анықтауға бағытталған. Тексеру барысында FAA сарапшылары авиациялық заңнаманы, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді және мемлекеттің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекеттік бақылау жүйесінің сегіз сыни элементіне сәйкес қадағалау жүргізу қабілетін қарастырады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство 24 қыркүйекте FAA командасының АҚШ Көлік министрлігінен коммерциялық қызметке рұқсат алуға өтінім берген Air Astana әуекомпаниясына техникалық сапары жоспарланғанын мәлімдеді.
«Салардың мақсаты — ашықтықты қамтамасыз ету процесі аясында Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінде алынған ақпаратты растау. Бұл сапар әуекомпанияны пайдаланушы сертификатының иегері ретінде тексеру болып саналмайды. Аяқталған соң FAA Қазақстанның Авиациялық әкімшілігімен қорытынды брифинг өткізіп, кейін қаралған бағыттар бойынша жазбаша есеп ұсынады. IASA бағалауын жүргізу — ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін одан әрі нығайтудың және Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу жұмысын ілгерілетудің маңызды кезеңі», — деп нақтылады Көлік министрлігі.
Еске салайық, сәуірде Air Astana Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуға қандай қиындықтар әсер етіп жатқанын айтқан болатын. Мамырда Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев АҚШ-қа тікелей рейстерді 2027 жылдың II тоқсанында іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.


