«Росатом» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіретін ресейлік FESCO көлік компаниясы Қостанайдағы Agroplanet компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне контейнермен шығаруды дамытуға бағытталған құжат Астанада өткен TransLogistica Kazakhstan көрмесінде жасалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тараптар Қазақстаннан Оңтүстік-Шығыс Азияға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу үшін FESCO-ның кең логистикалық инфрақұрылымын пайдаланбақ. Жоспарда — Қостанайдан Қытай провинцияларына астық пен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту, сондай-ақ Вьетнам, Малайзия, Таиланд, Сингапур және Оңтүстік Корея есебінен экспорт географиясын кеңейту бар.

Жүктерді Қытаймен шекарадағы Достық және Алтынкөл құрлық өткелдері арқылы, сондай-ақ FESCO-ның теңіз сервистерін пайдаланып, Владивосток теңіз сауда порты арқылы жөнелту жоспарлануда.

«Қазақстандық агроөнім шетел нарықтарында сұранысқа ие, біз экспорттық жеткізуді ұлғайту әлеуетін көріп отырмыз. Agroplanet серіктестерімен бірлесіп, Солтүстік Қазақстаннан тасымалдау географиясын кеңейту бағытында жұмыс істейміз, осылайша өндірушіге Азияның жаңа нарықтарына қолжетімділік береміз», — деді «ФЕСКО Орталық Азия» бас директоры Максим Буханов.

Agroplanet — Қостанай облысындағы астық пен тұқымды көтерме саудалаумен, сондай-ақ мал азығын өндірумен айналысатын компания. 2025 жылы ол 140 мың тонна астық экспорттады. Компания Иван Гринвальд пен Иван Рафальчукке тиесілі.

FESCO — Ресейдің порт, теміржол және интеграцияланған логистикалық бизнес саласындағы активтері бар ең ірі көлік-логистикалық компанияларының бірі. Компания рефрижераторлық контейнерлер операторы, сондай-ақ Ресейдің көптеген порттарында терминалдары бар. 2023 жылдың қарашасында FESCO акцияларының бақылау пакеті «Росатом» госкорпорациясына берілді.

Айта кетейік, Қазақстан астығының Ауғанстанға жеткізілуі төрт еседен астам өсті. Бұл туралы үкімет отырысында көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеді.