Қазақстанда ІІМ ведомстволық оқу орындарына талапкерлерді қабылдау туралы жалған SMS-хабарламалар тарату жиілеп кетті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ескертті, деп хабарлайды infohub.kz.

Polisia.kz Telegram-арнасының мәліметінше, бұл хабарламалар жалған және министрлікке қатысы жоқ. «Қазіргі таңда қабылдау науқаны әлі жалғасуда. Конкурстық іріктеудің барлық кезеңдері аяқталған жоқ. Қабылдау белгіленген мерзімде — 15-25 шілде аралығында жүргізілуде», — деп түсіндірді ведомствода.

Қабылдау науқанының қорытынды нәтижелері іріктеудің барлық кезеңдері аяқталып, қабылдау комиссиялары шешім қабылдағаннан кейін ғана талапкердің Qyzmet police ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинетінде қолжетімді болады. ІІМ ақпараттық жүйе талапкерлерді қабылдау туралы SMS-хабарламалар жібермейтінін атап өтті.

Азаматтардан мұндай хабарламаларға сенбеу, олардағы сілтемелерге өтпеу, жеке деректерін хабарламау және тек ІІМ-нің ресми ақпаратын пайдалану сұралады.