2022 жылдан бері соттан жасырынып жүрген «The Finiko» қаржы пирамидасын басқарған әйел Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Оның құны 221 млн теңге тұратын жер телімі тәркіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері анықтағандай, «The Finiko» ешқандай кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспаған. Бұрын тартылған қатысушыларға төлемдер жаңа салымшылардың ақшасы есебінен жүргізілген.

«Мұндай схема табыстылық иллюзиясын тудырып, азаматтардың қаражатын одан әрі тартуды қамтамасыз етті», — деп нақтылады ведомство.

Заңсыз қызметінің нәтижесінде күдікті салымшылардан 160 млн теңгеден астам қаражат тартқан.

«Сонымен қатар, сотқа дейінгі тәркілеу аясында күдіктінің құны 221 млн теңге тұратын жер телімі мемлекет кірісіне айналдырылды», — деп нақтылады ведомство.

Бұған дейін осы қылмыстық іс бойынша үш фигурант мүлкі тәркіленіп, 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

«Курсив» бұған дейін жазғандай, 2021 жылдың шілде айының соңында Finiko қаржы пирамидасының тағы бір негізін қалаушы Кирилл Доронин Қазан қаласында ұсталған. Қазақстанда компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалған. 2021 жылдың 7 шілдесінде бірыңғай тізілімде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігі — «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын, қылмыстық топты құру және басқару, айрықша ірі мөлшерде қаражат тарту» бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркеліп, басталған.

Компания азаматтардың қаражатын салынған соманың 150%-ға дейінгі ай сайынғы сыйақы беру шартымен тартқан. Ең төменгі салым 500 долларды құраған. Finiko сайтындағы деректерге сәйкес, салымшылардың саны Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Өзбекстан, Түркия және басқа да елдерден 165 мыңнан астам адамды құрайды.