Финляндия биыл қазан айында өтетін НАТО-ның жыл сайынғы Steadfast Noon ядролық тежеу оқу-жаттығуына қосылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
РБК Финляндия Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап хабарлауынша, биыл ел жаттығуларға штаб офицерлерін жібереді. Қорғаныс министрі Антти Хяккяненнің айтуынша, қатысудың мұндай форматы елдің ұлттық мақсаттарына сай келеді.
«Ядролық тежеу жаттығулары НАТО-ның ядролық тежеуінің сенімділігін, қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ядролық тежеу — Финляндияны қоса алғанда, бүкіл альянсты қорғаудың ең жоғары кепілі», — деді Хяккянен.
Айта кетейік, Steadfast Noon нақты ядролық қаруды пайдаланбай және жылжытпай өтеді. НАТО елдері оған түрлі жолмен қатыса алады, соның ішінде альянстың ядролық операцияларын қолдау үшін қарапайым қарулы күштерін ұсынады.
Финляндия Қорғаныс министрлігі жаттығулар халықаралық жағдайға байланысты емес және нақты бір елге қарсы бағытталмағанын атап өтті.
НАТО сайтында нақтыланғандай, биыл жаттығулар Италияда өтеді. Оған 17 ел қатысады, жалпы ауқымы алдыңғы оқу-жаттығуларға сәйкес болады. НАТО Бас хатшысы Марк Рютте жаттығулар «альянстың ядролық күштерінің дайындығын қолдауға және тиісті рәсімдерді тексеруге бағытталғанын» мәлімдеді.
«НАТО — қорғаныс альянсы. Бұл жаттығулар бізге бейбітшілікті сақтау, мәжбүрлеудің алдын алу және агрессияны тежеу үшін қауіпсіз, қорғалған, тиімді және сенімді әлеуетті қамтамасыз етуге көмектеседі. Олар сондай-ақ бірлік пен шешімділіктің айқын белгісін береді», — деді Рютте.
Оқу-жаттығулар 13 қазанда басталады.
Еске салайық, Финляндия парламенті ядролық жарылғыш заттарды әкелуге тыйым салуды алып тастауды мақұлдады. Өзгерістер қорғаныс мәселелерімен және НАТО аясындағы ынтымақтастықпен байланысты.
Ал ядролық қаруға тыйым салу жойылғаннан кейін екі ай өткен соң Финляндия Францияның Еуропадағы тежеу бастамасына қосылды.


