Финляндия президенті Александр Стубб пен Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стере Украинадағы соғысты тоқтату туралы ықтимал келіссөздер жөнінде Владимир Путинмен бір жарым сағат сөйлескені Еуропа елдері арасында келіспеушілік тудырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ-тің Bild-ке сілтеме жасап хабарлауынша, Копенгагенде бұл бастама НАТО серіктестерімен келісілмегенін мәлімдеді. Әуелде әңгіме шамамен 20 минутқа созылуы тиіс еді, бірақ соңында бір жарым сағатқа ұласты. Оның үстіне Financial Times дерегінше, Путин уақытының көп бөлігін әңгімелесушілеріне славяндардың ортағасырлық тарихынан дәріс оқуға жұмсаған.
Бұл — Кремль басшысының 2025 жылдың шілдесінде Франция президенті Эммануэль Макронмен телефон арқылы байланысқанынан кейін Украинаны қолдайтын Еуропа елдерінің көшбасшыларымен алғашқы тікелей сөйлесуі.
Стубб пен Стере өз елдерінің атынан әрекет еткенін, бүкіл Еуропаның атынан сөйлемегенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, Ресейдің көршілері ретінде өз ұстанымдарын Мәскеуге тікелей жеткізу мүмкіндігі болуы керек. Қоңырау алдында олар Украина президенті Владимир Зеленскиймен және Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездескен. Путинмен сөйлескеннен кейін екі көшбасшы қайтадан Зеленскиймен байланысқан.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен бұл бастамаға күмәнмен қарады. Оның айтуынша, Ресейдің бейбітшілікке дайын екендігінің белгісі жоқ, ал Еуропа елдері жекелеген дипломатиялық қадамдар жасамай, бірлесіп әрекет етуі керек. Норвегия премьері болса, одақтастар қоңырау туралы алдын ала хабардар болғанын алға тартады.


