Финляндия Ресеймен шекарадағы ұзындығы 200 шақырым болатын қоршау құрылысын аяқтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Финляндияның шекара күзеті тікенек сыммен қоршалған қоршау құрылысының аяқталғанын мәлімдеді. Финляндияның ішкі істер министрі Мари Рантанен: «Мемлекеттің басты міндеті — өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Шығыс шекарадағы қоршау — осы болжауға келмейтін уақытта шекара қауіпсіздігінің тиімді жүйесінің ажырамас бөлігі», — деп атап өтті.

Ол сондай-ақ Финляндия Шенген аймағының мүшесі ретінде одақтың сыртқы шекараларының қауіпсіздігіне жауапты екенін айтты.

Биіктігі 4,5 метрлік құрылыс техникалық бақылау жүйесімен, жол желісімен және ені 25 метрлік просекалармен жабдықталған.

Финляндия билігі Ресеймен шекарада қоршау салу жоспарын алғаш рет 2022 жылдың қыркүйегінде жариялап, ұзындығы 130-дан 260 шақырымға дейін болатынын болжаған болатын. 2023 жылдың ақпанында жер жұмыстары басталды: болашақ қоршау аймағында шекара өткелінің екі жағындағы ағаштарды тамырымен қопарып, сынақ үшін үш шақырымдық бөлік салу жоспарланған еді.

Сол жылдың қарашасында Финляндия Ресеймен шекарадағы барлық өткізу пункттерін жауып тастады, ең солтүстіктегі «Райа-Йоосеппиден» басқасын. Осылайша, бір апта ішінде ұзындығы 1500 шақырымға жуық шекара толығымен дерлік жабылып, Мурманскіден үш сағаттық жердегі елсіз тундрадағы пункт қана қалды, деп жазды Би-би-сидің орыс қызметі.

2024 жылдың шілдесінде қоршау салу үшін шамамен 120 шақырым орман кесілетіні хабарланған болатын, жұмыстар сол жазда басталды.