Флоридада өлім жазасына кесілген 72 жастағы Дэниел Конаханның адвокаттары АҚШ Жоғарғы сотына оның өлім жазасын орындауды тоқтату туралы өтініш жолдады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Конахан 1996 жылы Ричард Монтгомериді ұрлап, өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген еді. Оның мәйіті Флорида штатының Шарлотт округіндегі орманды алқаптан табылған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Конахан Монтгомериді жалаңаш суретке түсіру үшін ақы төлеп, содан кейін оны өлтірген. Сондай-ақ ол 1990 жылдары Флориданың оңтүстік-батысында осыған ұқсас бірнеше кісі өлтіруге қатысы бар деп күдіктенеді.
Конахан Монтгомеридің өліміне қатысы жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеген. Адвокаттары оның 2025 жылдың наурыз айынан бері оқиға орнынан және Монтгомеридің денесінен алынған дәлелдемелерге ДНҚ сараптамасын жүргізуді талап етіп келгенін айтады. Олардың пікірінше, бұл сараптама оның кінәсіздігін дәлелдей алады.
Флорида губернаторы Рон Десантис Конаханның ДНҚ сараптамасына қатысты өтініші қаралып жатқан кезде, яғни 11 тамызда оның өлім жазасына қатысты ордерге қол қойған. Ал ордерге қол қойылғаннан кейін 24 сағат ішінде штаттық сот Конаханның ДНҚ сараптамасы туралы өтінішін қабылдамаған.
Адвокаттардың өтінішінде: "Конахан мырза өзін кінәсіз деп тануды сұрамайды, ол түрмеден босатуды да сұрамайды. Ол тек өлім жазасын орындауды тоқтатып, оның негізді талаптарын қарауды сұрайды", — делінген.
Айта кетейік, биыл Флорида штатында 14 адам өлім жазасына кесілген.


