Жалғыз акционері Air Astana болып табылатын бюджеттік әуекомпания (лоукостер) Fly Arystan 2025 жылдың қорытындысы бойынша жолаушылардан артық багаж үшін 1,5 млрд теңге алды. Бұл туралы тасымалдаушының қаржылық есептілігінде жазылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Лоукостер стандартты билет құнына салмағы 7 кг-ға дейін, өлшемі 56×23×35 см-ден аспайтын шағын қол жүгін ғана қосады. Егер нормадан асу әуежайда анықталса, жолаушы қосымша багажды тасымалдаушының сайтында немесе мобильді қосымшасында алдын ала төлегенге қарағанда әлдеқайда көп төлейді.
Сонымен қатар әуекомпанияда Fly Arystan басшылығының сыйақысы — жалақысы мен бонустары — 2025 жылы 1,3 млрд теңге болғанын мәлімдеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 820,7 млн теңге еді.
Басшылық өкілдерінің нақты саны әуекомпанияның сайтында да, есептілікте де көрсетілмеген. Алайда әуекомпания президенті ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап Йохан Эйдхаген екені белгілі. 2024 жылы Fly Arystan басшысы болып тағайындалған Ричард Леджер Air Astana-ның серіктестік және альянстар жөніндегі вице-президенті қызметіне ауысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Fly Arystan 4,5 млрд теңге шығынға ұшырады, ал 2024 жылы шығын 3,6 млрд теңге болған, яғни бір жылда 27%-ға өскен. Сонымен бірге әуетасымалдаушының 2025 жылғы түсімі 203,1 млрд теңгеге жетті, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 36,8 млрд теңге еді — 5,5 есе өсім. Бұл соманың 173,8 млрд теңгесі жолаушылар тасымалына тиесілі.


