Жалғыз акционері Air Astana болып табылатын бюджеттік әуе компаниясы Fly Arystan 2025 жылдың қорытындысы бойынша 4,5 млрд теңге шығынға ұшырады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,6 млрд теңге еді, яғни шығын 27%-ға өсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бір акцияға шаққанда Fly Arystan-ның 2025 жылғы шығыны 2143 теңгені құрады, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1441 теңге болатын.

Сонымен қатар компанияның түсімі күрт өсіп, 203,1 млрд теңгеге жетті. 2024 жылы ол 36,8 млрд теңге еді, яғни 5,5 есе көп. Оның ішінде Fly Arystan 2025 жылы жолаушылар тасымалынан 173,8 млрд теңге (2024 жылы – 249,8 млн теңге), ұшақтар мен қозғалтқыштарды жалға және қосалқы жалға беруден 28,3 млрд теңге (6,6 млрд теңге), сондай-ақ жүк және пошта тасымалынан 1 млрд теңге табыс тапты. Оның 895,7 млн теңгесі жүкке, 140 млн теңгесі поштаға тиесілі.

Компания ұшақтарын аналық құрылымнан жалға алады, ал олар бойынша міндеттемелер негізінен АҚШ долларымен көрсетілген.

Жолаушылар тасымалы құрылымында 161,7 млрд теңге тұрақты жолаушы рейстерінен, 12,1 млрд теңге чартерлік тасымалдан түсті.

Табыстың басым бөлігі ішкі бағыттарға – 141,1 млрд теңге, ТМД елдеріне рейстерге – 15,8 млрд теңге, Еуропаға – 10,7 млрд теңге, Азия мен Таяу Шығысқа – 6,2 млрд теңге (2024 жылы – 249,8 млн теңге) тиесілі.

1 шілдедегі жағдай бойынша Air Astana акцияларының 41,18%-ы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі, ал 35,73% акцияның номиналды ұстаушысы – американдық Citibank, N.A.-N.Y. (F/B/O DR Holders). Сол күні Air Astana-ның шығыны 10,4 млрд теңгені, қарапайым акцияның баланстық құны 453,28 теңгені құрады.

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықта Air Astana-ның бір акциясының ағымдағы нарықтық құны 679,10 теңге (-0,43%). IPO барысында компанияның құнды қағаздары бір акциясы 1073,83 теңгеден сатылған болатын. Air Astana акцияларының айтарлықтай құлдырауы 2026 жылдың соңына жоспарланған «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ «Самұрық-Қазынаға» тиесілі) IPO-сы аясында әлеуетті инвесторлардың тәуекелге деген тәбетін төмендетеді.