Қазақстандық лоукостер FlyArystan Ақтау — Дубай — Ақтау бағыты бойынша ұшуларды қайта бастауды тағы да кейінге шегерді. Бұл жолы үзіліс кемінде 2026 жылдың 15 қыркүйегіне дейін созылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бастапқыда авиакомпания бұл бағыттағы рейстерді 29 тамызда қайта бастауды жоспарлаған еді, алайда қазір шектеулер тағы екі аптадан астам уақытқа ұзартылды. Себеп — Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай.
«FlyArystan авиакомпаниясы Ақтау — Дубай — Ақтау бағыты бойынша рейстердің орындалуын тоқтату Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты 2026 жылдың 15 қыркүйегіне дейін ұзартылғанын хабарлайды», — делінген тасымалдаушының ресми мәлімдемесінде.
Рейстері болмаған жолаушыларға айыппұлсыз билет құнын толық қайтару ұсынылады. Ол үшін билет сатып алынған жерге жүгіну қажет.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың наурыз айында FlyArystan аймақтағы тұрақсыз жағдай мен әуе қатынасына енгізілген шектеулерге байланысты осы бағыт бойынша ұшуларды уақытша тоқтатқан болатын. Сол кезде де жолаушыларға ақшаны толық қайтару немесе кейінгі күндерге тегін қайта брондау ұсынылған еді.


