FlyArystan әуекомпаниясы Ақтау-Стамбул бағытындағы тікелей рейстерді қайта бастайды. Ұшулар осы күзде қайта жанданады, ал билеттер тасымалдаушының ресми сайтында және мобильді қосымшасында қазірдің өзінде сатылымда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әуекомпанияның баспасөз қызметінде атап өткендей, алғашқы рейс 2026 жылдың 22 қазанына жоспарланған. 27 қазаннан бастап ұшулар тұрақты түрде аптасына екі рет — сейсенбі және сенбі күндері орындалады.
«Тұрақты кесте аясында сейсенбі күні Ақтаудан ұшу 08.40-қа жоспарланған, Стамбұлға қону 10.35-те. Кері рейс Стамбұлдан 11.40-та ұшып, Ақтауға 17.05-те жетеді. Сенбі күні Ақтаудан рейс 08.35-те орындалады, Стамбұлға қону 10.30-да. Кері ұшу Стамбұлдан 11.15-ке жоспарланған, Ақтауға қону — жергілікті уақыт бойынша 16.40-та», — делінген хабарламада.
Билет құны бір бағытқа 36 054 теңгеден басталады.
Қазіргі уақытта Ақтаудан FlyArystan ұшақтарымен Дубайға, Бакуге, Кутаисиге, Батумиге және Үрімшіге аралық қонусыз ұшуға болады.
Бұған дейін «Курсив» Алматы халықаралық әуежайында FlyArystan әуекомпаниясының әуе кемесінде өндірістік оқиға болғанын хабарлаған болатын. Жоспарлы техникалық жұмыстар кезінде ұшақ бортында өрт шыққан.


